Баянауылда Мәшһүртанушы Зекебай Солтанбайұлының көркемсөз оқулары өтті
Әрбір қатысушыға ақшалай сертификаттар табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
С.Торайғыров атындағы мәдени-сауық орталығында ақын-жазушы, сазгер, Мәшһүртанушы Зекебай Солтанбайұлының өлеңдерін оқудан «Ақбеттаудың абызы» атты ІІ аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өткізілді. Шараны Егіндібұлақ ауылдық клубының мүшелері ақынның шығармашылығын өскелең ұрпаққа кеңінен таныстырып, насихаттау мақсатында ұйымдастырды.
Қазылар алқасының төрағасы айтыскер-ақын, Зекебай Солтанбайұлының шәкірті Таңат Ахатов болды.
Жүлделі ІІІ орын екі қатысушыға бұйырды. Торайғыр ауылынан келген Баянсұлу Бекен және Жалғызқайың ауылының қатысушысы Дания Кәкеш лайықты деп таңылып, 15 мың теңгелік сертификаттармен марапатталды.
Егіндібұлақ ауылының қатысушысы Жәнібек Мұқатай ІІ орынды иеленіп, 20 мың теңгелік ақшалай сертификатқа ие болды. Жүлделі І орынды иеленген Егіндібұлақ ауылының тумасы Нарқыз Қабдоллаға 30 мың теңгелік сертификат пен диплом табыс етілді.
Айта кетейік, Зекебай Солтанбайұлының ұрпағы Айсұлтан Солтанбаев демеушілік жасап, барлық 16 қатысушыға бес мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етті.
Шара барысында аудандық мәдениет үйінің дәлізінде ақынның кітаптарынан кітап көрмесі ұйымдастырылды. Бас жүлде – 40 мың теңгелік сертификат пен дипломды Ақсан ауылының қатысушысы Зейнап Төлеухан иеленді.