Павлодарда 32-рет «Қымызмұрындық» мерекесі тойланды
Шараға еліміздің өзге қалаларынан қонақтар келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мереке театрландырылған қойылыммен бастау алды. Фестивальге жиналғандар сол жерде бал қымыздың дәмін татып, жергілікті өнер ұжымдарының концертін тамашалады.
Шара облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өтті. Мұнда аймақ басшысы тойшыл қауыммен бірге қымыздан дәм татып, фестивальде көрермен назарына ұсынылған қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады.
Көрмені Астана мен Абай облысының Аягөз қаласынан арнайы келген қолөнер шеберлері ұсынды.
- Қызылорда аймағынан 10 адам осы мереке үшін келдік. Біздің қаламызда мұндай мереке өтпейді. Себебі қымыздан қарағанда шұбат көп таралған. Бүгін көрмеге өзімнің қолдан жасаған бұйымдарымды алып келдім. Мұндағы ерекше бұйымның бірі - түйе жүнінен жасалған көрпе. Бұл бұйымның ерекшелігі - дененің температурасын бірқалыпты ұстап тұрады,- дейді Қызылорда облысынан келген Шамшырақ Сейілова.
Ал біздің өңірде қымызмұрындық мейрамына алғаш келген тұрғындар да бар екен. Солардың бірі- Сапарбек Маусымбаев. Ол салт-дәстүріміздің сақталғанына қуанышты екенін жеткізді.
- Дәстүріміз сақталып, жаңғырып жатыр. Барша қазақ еліне мейрам құтты болсын! Өзім Алтайдың қазағымын. Мұндай мейрамға алғаш рет қатысып отырмын. Бүгінгі мерекеге өзімнің ән-шашуымды алып келдім,- дейді Сапарбек Маусымбаев.
Бұдан бөлек, киелі сахнада Қызылорда облысынан арнайы шақырылған қонақтар ұлттық киім дефилесін көрсетті.