Павлодарда қоян-қолтық ұрыстан тұңғыш Қазақстан чемпионаты өтті

Павлодарда қоян-қолтық ұрыстан тұңғыш Қазақстан чемпионаты өтті
Фото: Константин Шелков

Онда жерлестеріміз тамаша нәтижелерге қол жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласында алғаш рет жасөспірім ұлдар, қыздар және юниорлар арасында қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. 15–19 маусым аралығында ұйымдастырылған республикалық дода еліміздің ең үздік жас спортшыларын бір арнаға тоғыстырып, әлем чемпионатына іріктеу кезеңі мәртебесіне ие болды.

Жарыс Спортты дамыту дирекциясының базасында өтті. Чемпионатқа Қазақстанның 18 өңірінен шамамен 320 спортшы қатысты. Тек Шымкент қаласы мен Түркістан облысының командалары жарысқа қатысқан жоқ.

Бірнеше күнге созылған тартысты белдесулер барысында спортшылар әртүрлі жас және салмақ дәрежелерінде өзара мықтыны анықтады. Қатысушылар жоғары техникалық дайындықтарын, төзімділігі мен жауынгерлік шеберліктерін көрсетті.

Өз жерінде өткен чемпионатта Павлодар облысының құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, 11 алтын медаль жеңіп алды. Бұл – облыс спортшыларының жан-жақты дайындалғанын және өңірдегі қоян-қолтық ұрыс мектебінің әлеуетін айқын дәлелдейді.

Павлодар облыстық қоян-қолтық ұрыс федерациясының төрағасы әрі аға жаттықтырушысы Сергей Вальтердің айтуынша, мұндай деңгейдегі Қазақстан чемпионаты Павлодарда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

– Бұл – Павлодар үшін тарихи оқиға. Осындай ауқымды республикалық чемпионатты алғаш рет қабылдап отырмыз. Спортшыларымыз жоғары нәтиже көрсетіп, 11 алтын медаль жеңіп алды. Бұл – бапкерлер мен спортшылардың бірлескен еңбегінің жемісі, – деді Сергей Вальтер.

Оның айтуынша, осы чемпионаттың жеңімпаздары жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасына іріктелді. Алайда халықаралық додаға қатысу қаржыландыру мәселесінің шешілуіне байланысты болады.

Алдын ала жоспар бойынша әлем чемпионаты биыл қазан–қараша айларында өтеді. Жарыстың нақты қай елде ұйымдастырылатыны жаздың соңына қарай белгілі болады. Қазіргі таңда чемпионатты Түркияда өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Айта кету керек, павлодарлық спортшылар халықаралық аренада бұған дейін де табысты өнер көрсеткен. Өткен жылы Түркияның Бурса қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында облыс спортшылары екі алтын медаль жеңіп алған болатын.

Қоян-қолтық ұрыс – бірнеше жекпе-жек түрінің тиімді әдіс-тәсілдерін біріктіретін заманауи спорт түрі. Оның құрамына бокс, самбо, дзюдо, күрес және басқа да жекпе-жек өнерінің элементтері енген. Бүгінде бұл спорт Қазақстанда қарқынды дамып, балалар мен жасөспірімдер арасында кеңінен танымал болуда.

Жарыстар арнайы қорғаныс құралдарымен өткізіледі. Спортшылар қорғаныс дулығасын, қолғап, кеуде қорғағыш және аяққа арналған қорғаныш құралдарын киеді. Жекпе-жек барысында қолмен және аяқпен соққы жасауға, лақтыру, қағып түсіру және ереже аясындағы басқа да техникалық әдістерді орындауға рұқсат етіледі. Жеңімпаз төрешілер берген ұпай саны бойынша немесе айқын басымдықпен анықталады.

Қауіпсіздік талаптарына ерекше көңіл бөлінеді. Міндетті қорғаныс жабдықтары мен қатаң төрешілік бақылау спортшылардың жарақат алу қаупін барынша төмендетуге мүмкіндік береді.

Қоян-қолтық ұрыс дене шынықтырумен қатар, жастардың тәртіпті, төзімді, батыл әрі жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Бұл спорт түрі күш-қуатты, жылдамдықты, ептілікті және қиын жағдайда тез шешім қабылдау қабілетін дамытады. Сондықтан ол тек күштік құрылымдар қызметкерлері арасында ғана емес, барлық ниет білдірушілер үшін қолжетімді спорт түрі ретінде кеңінен дамып келеді.

Павлодарда Қазақстан чемпионатының өткізілуі өңірдегі қоян-қолтық ұрыстың дамуына тың серпін береді. Мұндай ауқымды жарыстар жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, жаңа дарынды спортшылардың қалыптасуына жол ашады.