Павлодарлық өрт сөндіруші ҚР ТЖМ кубогының қола жүлдесін жеңіп алды

Павлодарлық өрт сөндіруші ҚР ТЖМ кубогының қола жүлдесін жеңіп алды
Фото: Павлодар облысының ТЖД

Қоян-қолтық күрес бойынша жарыс Көкшетау қаласында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі күндік жарыстарға барлығы 400 қызметкер қатысты. Әр қатысушы жоғары дайындық деңгейін, шеберлігі мен жеңіске деген ерік-жігерін көрсетті.

Табанды күресте 57 келі салмақ дәрежесінде үшінші орынды 10-ӨСБ аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау сержанты Даниял Шаймерден жеңіп алды.

Павлодарлық өрт сөндірушінің қоржынында көптеген жетістіктері бар. Даниял Шаймерден – аралас жекпе-жектен (ММА), грэпплингтен, панкратионнан спорт шеберіне кандидат. 2016 жылы Алматыда өткен панкратионнан Азия чемпионатында екінші орын алды, сол жылы әлем чемпионатында (Тбилиси) екінші орын алды, панкратионнан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионы. Панкратион, аралас жекпе-жек (ММА), грэпплинг, nomad ММА, жекпе-жек бойынша облыстың бірнеше дүркін чемпионы, – деп атап өтті ведомствода.

Айта кетейік, азаматтық қорғау органдарында 25 жастағы өрт сөндіруші 2019 жылдан бері қызмет етіп келеді.