Павлодарда қожайыны ауысқан фитнес-клуб тұрғындарды жаттығусыз қалдыра жаздады

Жиырма адам спортпен шұғылдана алмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық басшысы өзінің бизнесін өзге кәсіпкерге сатып жібереді. Спорт кеенінің жаңа қожайыны, келісімшартқа дейін абонемент сатып алған жандарға қызмет көрсетуден бас тартқан. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова мәлім етті.
– Олар қолдарында абонемент бар болса да, жаттығуларға қатыса алмады. Кейін олар бізге көмек сұрап жүгінді. Біз оларға талап-арыз құрастыруға көмектесіп, сотта мүдделерін қорғадық, – деді ол.
Кәсіпкер мен қала тұрғындары өзара медиативтік келісім жасасты, нәтижесінде оларға 900 мың теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Жалпы, жыл басынан соттың үкімі аясында 19 талап-арыз қанағаттандырылды. Оның сегізі арыз берушілердің өтінші аясында өтініш хаттарын қайтарып алды.
Бұған дейін, департамент мамандары көлік жуу орталығында көлігі зақымдалған павлодарлыққа көмектескен болатын. Нәтижесінде кәсіпкер облыс тұрғынына бір миллион теңгеге жуық өтемақы төледі.