Павлодарда үйінде караоке ұйымдастырған пәтер иесі жазаланды
Ол туған күнін дүркіретіп тойламақ болған, алайда көршінің шағымы мерекенің шырқын бұзды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ұйқы және демалыс уақытында айқайлау, ысқыру, ән айту, музыкалық аспаптарда ойнау, бұрғы мен перфоратор қолдану сияқты әрекеттерге жол берілмейді.
Азаматтар мұндай қолайсыздықтарға шыдауға міндетті емес. Тыныштық уақытында шу көтеру – әкімшілік құқықбұзушылық болып табылады.
– Статистикаға сәйкес, 2025 жылдың басынан бері Павлодар облысында түнгі уақытта тыныштықты бұзған 6244 тұрғын анықталып, барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған, – деді облыстық полиция департаментінде.
Кезекті оқиға өткен түнде Павлодар қаласында орын алды.
Сағат 03:54-те Малайсары көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғыны полицияға қоңырау шалып, қабырға сыртындағы көршілердің қатты музыка қойып, караоке айтып жатқанын хабарлаған. Оқиға орнына келген полицейлер айтылған деректі растады: пәтер иесі туған күнін қонақтарымен атап өтіп, көңілді отырыс қатты музыка және микрофонмен ән айтқан.
Осындай шағым Ломов көшесіндегі үй тұрғындарынан да түскен.
– Көпбалалы отбасы үнемі тыныштықты бұзады, алкоголь ішіп, түнгі уақытта айқайлайды. Үнемі шулағандықтан балаларымыздың ұйқысы бұзылып, мектептегі үлгерімі төмендеп кетті. Ескерту жасасақ та, түнде шуламауын сұрасақ та, тыңдамайды, – деді қоңырау шалған тұрғын.
Павлодар облысының полиция департаменті еске салады: егер көршілеріңіздің сауық кештері жиі түнге дейін созылатын болса, сіз полицияға жүгінуге құқылысыз.
Полицейлер құқықбұзушылармен профилактикалық әңгіме жүргізеді, қажет болған жағдайда әкімшілік хаттама толтырады.