Павлодарда Ұлттық ұланның әскери бөлімінде ерекше офицерлер әулеті қызмет етеді

Павлодарда Ұлттық ұланның әскери бөлімінде ерекше офицерлер әулеті қызмет етеді
Фото:«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі

Отан алдындағы ант пен отбасы құндылығын қатар ұстаған Хасановтар бүгінде бес бала тәрбиелеп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 5512 әскери бөлімінде қызмет ететін капитан Балжан Шахиева – әскери салада кәсіби біліктілігімен ерекшеленсе, отбасында аяулы ана, ардақты жар ретінде үлгі болып жүрген жан. Бес баланы тәрбиелеп отырған офицердің жолдасы – осы әскери бөлім командирінің орынбасары – штаб бастығы подполковник Гамлет Хасанов.

Әскери қызметшілер әулетінің қалыптасуына елге, Отанға деген сүйіспеншілік негіз болған. 

Абай облысы Бесқарағай ауданындағы Башкөл ауылынан шыққан Гамлет Хасановтың атасы Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ардагер болған. Батыр бабаның өнегесін көріп өскен ол бала күнінен әскери қызметкер болуды армандаған, – делінген хабарламада.

Қос офицердің тағдыры Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімінде тоғысты. Ол уақытта Гамлет Хасанов жас лейтенант болса, Балжан Шахиева кіші сержант шенінде қызмет атқарып жүрген еді. Ортақ қызмет, бір мақсат пен әскери өмірдің қиындығы екеуін жақындастырып, бүгінде берекелі отбасының іргесін бекемдеді.

Әскери өмірдің қиындығы Хасановтар отбасын тек шыңдай түскен.

– Бүгінде үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Әскери отбасы болғандықтан, өмірдің талай сынағынан бірге өттік. Бір кездері Абай облысының Жарма ауданындағы Шуақ ауылында қызмет атқардық. Қыста үйімізде жарық та, жылу да болмаған уақыттар болды. Сол кезде тұңғышымыз небары бір айлық сәби еді. Бірақ ешқашан мойымадық. Әскери өмір бізді шыңдап, төзімділікке үйретті. Қазір Павлодар қаласында тату-тәтті, берекелі отбасыға айналдық, – дейді капитан Балжан Шахиева.

Хасановтардың балалары да өнерімен көзге түсіп келеді. Қыздары Әйгерім домбыра тартып, ұлттық өнерге жақын болса, ұлдары Ахмедияр кәсіби деңгейде футболмен айналысады. Ол болашақта Қазақстанның көк туын халықаралық ареналарда желбіретуді армандайды. Ал кенже қыздары Айым би өнеріне бейім.

Жарасымды жұптың басты арманы – ата-аналарымен бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп, ұл-қыздарын елін сүйетін, рухы биік патриот етіп тәрбиелеу. Қиындығы мен жауапкершілігі мол әскери өмірде бір-біріне тірек болып келе жатқан Хасановтар отбасы – отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.