Павлодарда ұмыт қалған қазақ ұлттық тағамдары таныстырылды
Іс-шара «Ана тәрбиесі – ұлт болашағы» форумының бағдарламасы аясында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көрмені ашқан облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов ұлттық тағамның тек дәм ғана емес, рухани құндылық екенін атап өтті.
– Ұлттық тағам – біздің дәстүріміз бен тарихымызды бейнелейтін қасиет. Бұл тағамдар біз үшін дәмімен емес, тарихымен маңызды. Ұйымдастыруға атсалысқан Аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Максиловаға және Қоянды ауылының «Атамұра» мәдениет орталығының мәдени ұйымдастырушысы Қазынагүл Алпысбаеваға алғысымды білдіремін, – деді ол.

«Атамұра» мәдениет орталығының мәдени ұйымдастырушысы Қазынагүл Алпысбаева көрмеге оннан астам қазақтың ұлттық тағамын ұсынды. Бауырсақтың бірнеше түрінен бастап, ұмыт бола бастаған үлпершек пен бүрме қарынға дейін бар. Ол ұлттық ас әзірлеу дәстүрлерінің құпиясын 40 жылдан бері сақтап келеді.
– Аналар форумына бірнеше қазақтың ұлттық тағамдарын алып келдім. Сонымен қатар әсіптің үш түрін: моншақ әсіп, шұжық әсіп және ұлтабардан жасалған әсіпті алып келдім. Бауырсақтың домалақ, ши және жол бауырсақ деген үш түрін дайындадым, – деді ол.
Оның айтуынша, үлпершек жылқы жүрегінен әзірленеді. Бұрын қыз ұзатылғанда анасының махаббаты мен қолдауының белгісі ретінде берілген.

Форумда сөз алған облыстық Аналар кеңесінің төрайымы, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бақытжамал Максилова ұлттық тағамды дәріптеу – салт-дәстүрді сақтаудың бір бөлігі екенін алға тартты.
– Бүгінгі көрме – болашаққа үлгі, жастарға берер өнеге. Осындай аналар бар жерде ештеңе ұмыт қалмайды. Салт-дәстүрді сақтамау – ана сүтін ақтамаумен тең. Жыл бойы 45 мектеп пен бір колледж «Достық үйінде» салт-дәстүрді көрсететін болады, – деді ол.
Шара аясында қатысушылар ұлттық тағамдардан дәм татып қана қоймай, олардың тарихы мен дайындалу ерекшелігімен танысты. Форум бағдарламасына «Бесік жыры» дәстүрлі байқауы да енгізілген. Онда он қатысушы қазақтың көне әлди әуендерін орындады.