Павлодарда әлеуметтік жобаларға ұсыныстар қабылданады

Павлодарда әлеуметтік жобаларға ұсыныстар қабылданады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қала тұрғындары мен қоғамдық ұйымдар 2027 жылға арналған бастамаларын ұсына алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық ішкі саясат бөлімі 2027 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру үшін ұсыныстар қабылдауды бастады.

Бастамаға үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, волонтерлер, жастардың бастамашыл топтары және белсенді қала тұрғындары қатыса алады. Ұсынылатын жобалар азаматтық қоғамды дамытуға, жастар мен волонтерлік бастамаларды қолдауға, қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталуы тиіс.

Сонымен қатар «Адал азамат» құндылықтарын, «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын ілгерілету, құқықтық, экологиялық және цифрлық мәдениетті дамыту мәселелеріне басымдық беріледі.

– Келіп түскен барлық ұсыныстар Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі бағыттары ескеріле отырып, 2027 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру барысында қаралатын болады, – деп хабарлады бөлімнің баспасөз қызметі.

Ұсыныстар 20–29-қараша аралығында қабылданады. Оларды kense.ovp.ap@pavlodar.gov.kz электрондық поштасына, @sayasat_pavlodar Instagram парақшасына немесе eOtinish платформасы арқылы Павлодар қаласының ішкі саясат бөліміне жолдауға болады.

Ұйымдастырушылар тұрғындарды қаланың әлеуметтік дамуына үлес қосып, қоғамға пайдалы жаңа бастамалар ұсынуға шақырады.