Екібастұзда жанған жанармай бекеті бойынша екі қылмыстық іс қозғалды
Қала әкімдігі барлық жанармай бекеттерін тексеретін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласы әкімдігінің мәліметінше, Қонаев көшесіндегі шыққан өрт бойынша арнайы бақылау тобы құрылып 23 жанармай құю станциясы, 11 автогаз бекеттерін тексеретін болады.
– Бақылау тобының құрамына Екібастұз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы, жергілікті полиция қызметінің бастығы, кәсіпкерлік, жер қатынастары, тұрғын үй инспекциясы, сәулет бөлімдерінің, мемлекеттік кірістер және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының басшылары кірді. Құрылған топ бүгіннен бастап жұмысқа кірісті, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ҚР ҚҚ 281-баптың (Жарылыс қаупi бар объектiлерде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) 2-бөлігі және 292-баптың 2-бөлігі (Абайсызда адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Еске сала кетейік, Екібастұз қаласында 13:24 автогаз бекеті жанған. Өртті 15:44 сөндірді. Станцияда болған 17 жасар бала өрттің салдарынан мерт болды. Қазіргі таңда өрттің себептері анықталуда.
Фото: Константин Шелков