Павлодарда әртүрлі ұлт өкілдері қазақша ән шырқады
«Қазақша ән салайық» іс-шарасы «Достық үйінде» ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастарды қазақ мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеу, басқа этнос өкілдері арасында рухани бірлік пен этносаралық келісім идеяларын тарату, мемлекеттік тілді дамытуға жәрдемдесу мақсатында ұйымдастырылған жобаға облыстың барлық этномәдени бірлестіктері белсене қатысты.
60-тан астам қатысушы «Шалқыма», «Асыл әуен», «Сырлы саз», «Дударай» атты төрт командаға жеребе арқылы бөлінді. Фестиваль үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде «Еркем-ай», «Бір бала» сияқты халық әндерін, екінші кезеңде «Анашым», «Ұстазым» сияқты қазақ композиторларының әндерін шырқаса, үшінші кезеңде «Балқия» сияқты заманауи әндерді орындады.
– Мұндай шараны алғашқы рет өткізіп отырмыз. Бұл – біздің алдымызға қойылған облыс әкімінің тапсырмаларының бірі. Енді тағы да басқа форматта өткізу жоспарымызда бар. Алда Республика күніне орай патриоттық әндерді шырқау бойынша да фестиваль өткізу көзделіп отыр, – деді ұйымдастырушы, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нүрия Көбенова.
Этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қазақ халқының әндері «Еркем-ай», «Саржайлауды» тамылжыта шырқап, көрермендерді таң қалдырды. Сондай-ақ, баян, домбыра сияқты аспаптармен сүйемелдеу жасап, өз өнерлерін паш етті.