Павлодарда әйел кондитерлік цехтың төбесі мен қабырғасын зақымдады

Павлодарда әйел кондитерлік цехтың төбесі мен қабырғасын зақымдады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жұмысы үшін толық ақы төленбегендіктен, әйел мұндай әрекетке барған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азамат Д.-ға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 147-1-бабы 1-бөлігі (бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру) бойынша істі қарады.

Іс материалдарына сәйкес, 10 маусым күні азамат Д. Академик Сәтбаев көшесінде орналасқан «М» кондитерлік цехында шеге суырғыш құралын қолданып, үй-жайдың төбесі мен қабырғасына зақым келтірген. Бұл әрекеті кондитерлік цехқа материалдық шығын әкелген.

Сотта азамат Д. аталған жерде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кондитерлік цех өкілімен ауызша 100 000 теңгеге келісім жасағанын түсіндірді. Оның айтуынша, 60 000 теңге алдын ала төленіп, жұмысты аяқтаған соң қалған 40 000 теңгені сұрағанда төлем жасалмаған. Ол мүлікке зиян келтіргенін жоққа шығармады, – делінген сот хабарламасында.

Жәбірленуші тараптың өкілі де келісім болғанын растады. Алайда, жөндеу жұмыстары сапасыз орындалғандықтан, кемшіліктерді түзетуді талап еткен. Соның орнына азамат Д. нысанға зақым келтірген.

Сот азамат Д.-ны кінәлі деп танып, оған 137 620 теңге көлемінде айыппұл салды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.