Павлодарда «Өнер барысының» Бас жүлдесін шоумен мен блогер алды
Жарысқа 30-дан астам палуан қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Олардың ішінде фотограф, кәсіби биші, блогер, күйші және жайдарман бар.
Облыстық «Өнер барысы» додасы «Sport city» спорт кешеніндегі «Бірлік» жекпе-жек залында ұйымдастырылды. Аталмыш жарыс екі салмақ дәрежесінде өткізілді. 82 келіге дейінгілер бөлек күрессе, салмағы 82 келіден ауыр «Түйе» палуандар боз кілемде белдесті.
– Жалпы жарыс керемет өтті. Бұл додаға шамамен бір-екі апта көлемінде дайындалдым. Қарсыластар да керемет дайындықпен келген екен. Өкінішке орай, ширек финалда қарсыласым айласын асырды. «Жеңілгенді жер көтереді» демекші, келесі жылы жақсырақ дайындықпен келермін, – дейді жайдарманшы Жасыбай Қанатұлы.
Жарыс қорытындысы бойынша орташа салмақ дәрежесінде үшінші орынды кәсіби биші Алдияр Бергенов алса, екінші орынды фотограф Әділет Мұхаметқайыровқа бұйырды. Ал бірінші орынды Екібастұз қаласының намысын қорғаған блогер Олжас Қайрат алды.
Түйе палуандардан жүлделі үшінші орынды екібастұздық күйші Нұрғазы Кеулімжанов алды. Ал Шарбақты ауданының намысын қорғаған жайдарманшы Алтынбек Жұмәділов финалдық күресте екінші орынды иеленді. Түйе палуандардың үздігі атанған – шоумен Әзімхан Аблаев.
Орташа салмақ дәрежесінде үшінші орынға – 100 мың, екінші орынға – 150 мың, бірінші орынға 200 мың теңге табысталды. Жоғары салмақ бөлімі бойынша үшінші орынға – 150 мың теңге, екінші орынға – 200 мың теңге, бірінші орынға 300 мың теңгелік сертификат табысталды. Сондай-ақ, жеңімпаздарға «Өнер барысы» белдігі табысталды.