Павлодарда «Өнерлі шаһар» жобасы аясында жаңа мурал салынуда

Павлодарда «Өнерлі шаһар» жобасы аясында жаңа мурал салынуда
Фото: Константин Шелков

Монументалды суретті бір-екі күннің ішінде аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Астана көшесінде орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараты жаңа муралға арқау болды. Ғимараттың қабырғасына салт аттың бейнесі салынуда. Жұмысты Көкшетау қаласынан келген суретші-дизайнер Мағжан Айтқожаев қолға алған. Атап өтерлігі жоба қалалық әкімдіктің тапсырысымен әрі әкімдік ұсынған эскиздің негізінде жүзеге асырылуда. Мурал Қазақстанның алға қарай ұмтылысын бейнелеуі тиіс.

– Мен мурал салумен 2019 жылдан бері айналысып келемін. Осы уақыт ішінде Қазақстанның оңтүстігі, батысы және шығысында көптеген жұмыстарды орындадым. Көбіне тапсырыс берушілер ұсынған эскиздер бойынша жұмыс істеймін. Павлодардағы муралды салу кезінде проектор қолданған жоқпыз. Дайындалған суретке тікелей қарап жұмыс істедім, – деді Мағжан Айтқожаев.

Суретшінің айтуынша, туған жері Көкшетауда ол кескіндемемен айналысып, портреттер салады. Алғашқы муралын Петропавл қаласында құтқарушыларға арнап салған. Бір қызығы кезекті жұмысы да Көкшетау қаласында төтенше жағдайлар министрлігіне қатысты бейнеленген.

Мағжан Айтқожаев Павлодарға қалалық әкімдігінің арнайы шақыруымен келген. Салт атты бейнеленген мурал – оның Павлодардағы екінші жұмысы. Бұған дейін Бекхожин көшесі, 1 мекенжайында павлодарлық суретші Ғалым Коржасовтың шығармашылығына арналған көлемді туындыны да Мағжан Айтқожаев салған. Екі жұмыс та Павлодар қаласын көркем безендіруге бағытталған «Өнерлі шаһар» ауқымды жобасы аясында жүзеге асырылуда.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, облыс орталығының тарихи, сәулеттік және мәдени ерекшеліктерін ескере отырып, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарымен үндестіре отырып, тұрғын үйлер мен түрлі ғимараттардың қасбеттеріне барлығы 20 мурал салу жоспарланған.

– Жобаның ерекшелігі – оған қатысушылардың географиялық ауқымының кеңдігінде. Муралдарды павлодарлық суретшілермен қатар, Астана, Алматы, Қарағанды, Орал және Көкшетау қалаларынан келген шығармашылық өкілдер де салып жатыр. Көркем туындыларда жалпыұлттық құндылықтар, еліміздің тарихы мен мәдениеті, қалаға тән танымал бейнелер, сондай-ақ белгілі павлодарлық суретшілердің шығармашылығы көрініс табады, – делінген хабарламада.

Әкімдіктің мәліметінше, әр муралдың өзіндік мазмұны мен көркемдік шешімі болады. Олардың барлығы біріге отырып, қаланың мазмұнды әрі көркем келбетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кетелік, жоба Павлодар қаласының ішкі саясат бөлімі тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылуда.