Павлодарда 10 жастағы бала адасып кетті
Оның аман сау үйіне оралуына ювеналды полицияның аға инспекторы Қайыргүл Ибраева атсалысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мектептен үйіне қайтқан бала автобуста ұйықтап қалып, аялдамасынан өтіп кеткен. Оқушы оянғанда автобустың соңғы аялдамаға жеткенін байқаған. Қоғамдық көліктен түскен ол өз бетінше жол табуға тырысқан. Алайда айнала қараңғы болғандықтан, қорқып, жылай бастаған.
Осы кезде аялдамаға келген полиция инспекторы баланы байқап, сабырға шақырған. Кейін анасына хабарласып, оқушыны үйіне жеткізіп салған.
Оқиғадан кейін баланың анасы Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Склярдың атына алғыс хат жолдап, полиция қызметкеріне ризашылығын білдірді.
– Осындай жанашырлығы мен қамқорлығы үшін шексіз алғысымды білдіремін. Қызметкердің бұл әрекеті азаматтық жауапкершіліктің, өзара көмектің және адамгершіліктің сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрініс табуының үлгісі, – деп жазған павлодарлық тұрғын.
Оның айтуынша, Қайыргүл Ибраеваның дер кезінде көмек көрсетуі баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, отбасының алаңдаушылығын сейілткен.
Полиция департаменті қызметкерінің әрекеті адамгершілік пен азаматтық жауапкершіліктің үлгісі екенін атап өтті.