Павлодарда 100-ден астам граффити жазбалардың көзі жойылды
Облыс орталығында «Есірткіге жол жоқ» ұранымен есірткіге қарсы акция өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкерлері Жастар бастамаларын дамыту орталығы, сондай-ақ «Жастар рухы» еріктілерімен бірлесіп, халық пен жастар арасында бояу құйылған аэрозоль құтыларын алып, 100-ден астам жарнамалық граффити жазбасының көзін жойды. Сондай-ақ іс-шара барысында қоғамдық орындарда жадынамалар таратылып, тыйым салынған заттарды, оның ішінде синтетикалық есірткілерді тұтыну мен таратуға қатысты жауапкершілік, олардың денсаулыққа тигізетін зардаптары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
– Тұрғындардың назарын салауатты өмір салтын сақтауға, дұрыс жолды таңдауға және жаман әдеттерден бас тартуға аударуға бағытталған нашақорлықтың алдын алуға бағытталған осындай іс-шаралар алдағы уақытта да өткізілетін болады, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы ЖПҚБ бастығы, полиция подполковнигі Мақсат Сарин.
Естеріңізге салайық, есірткі заттарды заңсыз өткізу туралы граффити суреттерін салу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-бабы – «Есірткі заттарды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау» бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Баптың санкциясында үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.