Павлодарда 16 қабатты үйде шартты өрт сөндірілді

Павлодарда 16 қабатты үйде шартты өрт сөндірілді
Фото: Ольга Бугаева

Тұрғындар жедел түрде өз бетінше эвакуацияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Назарбаев даңғылы, 89/2 мекенжайы бойынша орналасқан 16 қабатты тұрғын үйде шартты өртті жою бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өтті. Оқу-жаттығу Павлодар облысы ТЖ департаментінің өртке қарсы қызметі жеке құрамының іс-қимылдарын пысықтау мақсатында ұйымдастырылды.

Сценарийге сәйкес, қысқа тұйықталу нәтижесінде 5-қабатта орналасқан пәтерлердің бірінде өрт шығып, кіреберіс қатты түтінге оранды. Тұрғындар жедел түрде өз бетінше эвакуацияланды, ал диспетчерлік қызмет өрт туралы сигналды қабылдады. Оқиға орнына бөлімшелер жіберілді.

Өрт сөндірушілер жедел барлау жүргізіп, су беруді және қауіпті аймақта қалған адамдарды құтқаруды ұйымдастырды. Оқу-жаттығу барысында шартты түрде 22 адам эвакуацияланды, оның ішінде 8 бала. Қатты түтіннің салдарынан 11-қабатта қалып қойған екі адамның құтқару жұмыстары жүргізілді. Альпинистік жабдықтың көмегімен газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларды жедел эвакуациялады.


Бөлімшелер өртті сөндіру, эвакуациялау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметтермен өзара іс-қимыл жасау дағдыларын табысты пысықтады.