Павлодарда 30-дан астам кәсіпкер заңсыз әкімшілік жауапкершіліктен босатылды

Павлодарда 30-дан астам кәсіпкер заңсыз әкімшілік жауапкершіліктен босатылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олардың қатарында бір инвестор бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, табиғат қорғау прокурорлары мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметіне талдау жүргізіп, кәсіпкерлердің құқықтары бұзылғанын анықтады.

Экология департаменті импорттаушы кәсіпорындарға қатысты тексеру жүргізбестен және істің нақты мән-жайларын анықтамастан әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулылар шығарған. Оған өндірушілердің міндеттемелерін уақытылы орындамауы негіз болған.

– Мемлекеттік бақылауды жүзеге асырудың белгіленген тәртібін бұзу салдарынан 34 бизнес субъектісі, оның ішінде бір инвестор әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартылған, – деп хабарлады облыстық прокуратурада.

Табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау актілері негізінде Экология департаменті шығарған қаулылардың күші жойылды. Нәтижесінде кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершіліктен босатылып, олардың құқықтары қалпына келтірілді.

Заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаға айыппұл салынды.

Прокуратура инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және бұзылған құқықтарын қалпына келтіру қадағалау қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.