Павлодарда алғаш рет NAIZA ММА турнирі өтеді
Жарысқа Қазақстанның әр өңірінен және жақын шетелден келген спортшылар қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда алғаш рет өтетін турнирдің дайындығын Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков пен NAIZA FC промоушенінің президенті Нұрбек Қарабала бірлесіп тексерді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа қатысты негізгі жұмыстар аяқталған, техникалық жабдықтар да дайын.
Турнирдің мақсаты – көрермендерге тартысты жекпе-жектер ұсынумен қатар, Павлодарды өзге өңірлер мен шетелден келетін спортшыларға таныстыру. Ұйымдастырушылар қонақтарға қаланың көрікті жерлерін көрсетіп, жергілікті ерекшеліктерімен таныстыруды да жоспарлап отыр.
Хасар Хабылбеков өз сөзінде Павлодар үшін мұндай ауқымды ММА жарысын қабылдау маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, әкімдік турнирді ұйымдастыруға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Оның үстіне, жергілікті спортшылар да алаңға шығып, өз қаласының намысын қорғайды.
– Павлодарда мұндай ауқымды ММА турнирі алғаш рет өтеді. Сондықтан әкімдік тарапынан қажетті қолдаудың бәрін көрсетеміз. Қаламыздан да жарысқа қатысатын спортшылар бар. Егер турнирді жоғары деңгейде өткізіп, тұрғындарға ұнайтын болса, алдағы уақытта да осындай жарыстар ұйымдастырып, спортшыларды қолдауды жалғастырамыз деп ойлаймын, – деді Хасар Хабылбеков.
Жарыста павлодарлық спортшылардың өнер көрсетуі де ерекше қызығушылық тудырмақ. Солардың бірі – Вадим Раби. Нокаутпен жеңіске жеткеннен кейін оған туған қаласында өнер көрсету ұсынылған.
– Вадимге сәттілік тілейміз! Әлі де бағындыратын белестерің көп. Біздің команда Азия ойындарында екі алтын медаль жеңіп алды. Жергілікті спортшылардың өз қаласында өнер көрсетіп, жанкүйерлерінің қолдауына ие болуы қуантады, – деді Хасар Хабылбеков.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, дайындық барысында техникалық мәселелерге, соның ішінде дыбыс жүйесіне ерекше көңіл бөлінген. Қазір турнирді өткізуге қажетті негізгі жұмыстар аяқталған. Енді спортшылар мен көрермендерді қабылдауға дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр.
Көрермендерді бірнеше тартысты ММА жекпе-жегі, чемпиондық белдесулер, соның ішінде жартылай ауыр салмақтағы чемпиондық титулды қорғау жекпе-жегі күтеді. Сондай-ақ NAIZA-ның бұрынғы чемпионы Диас Еренгаипов сегізбұрышқа қайта оралады.
Айта кетелік, турнир 1 қарашада сағат 16:00-де «Астана» спорт сарайында басталады. Ұйымдастырушылар павлодарлықтарды спорттық додаға келіп, жергілікті спортшыларға қолдау көрсетуге шақырады.