Павлодарда алаяқтар тағы бір зейнеткерді сан соқтырды

Павлодарда алаяқтар тағы бір зейнеткерді сан соқтырды
К.Шелковтың иллюстрациялық суреті

Әккі қулар зейнеткердің 36 миллионнан астам теңгесін қолды қылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, алаяқтар зейнеткердің үйін сатып, депозиттегі ақшасын шешіп, несие алғызған. 

- Алаяқтардың құрбаны болған - 67 жастағы павлодарлық әйел. Оған 2025 жылдың шілде айында телефон арқылы «Сізге алаяқтық әрекеттер жасалуда» деген хабарлама келген. Кейін қызы болып хабарласып, үйін тез арада сатуды, банктегі ақшасын шешіп, оны қауіпсіз есепшотқа аудару қажеттігін айтады. Барлық рәсімдер жасалғаннан кейін әйелдің атына несие рәсімделеді, - дейді облыстық ПД бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Алаяқтардың алдауына сеніп қалған құрбан бір сәтте баспанасынан, жиған қаржысынан айырылып, қосымша несие төлеуге мәжбүр.  Осылайша олар бір сәтте әйелдің 36 миллионнан астам теңгесін қалталарына басқан. 

Осы іске қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта бұл қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде. 

Тәртіп сақшылары интернет алаяқтардың құрбаны болмау үшін әлеуметтік желілердегі күмәнді мәмілелерге қатыспауға, мүлікті сатып алу немесе сату кезінде алдын ала төлем жасаудан бас тартуға, төлемді тауар жеткізілгеннен кейін ғана жасауға, белгісіз адамдарға анонимді төлем жүйелері арқылы ақша аудармауға кеңес береді.