Павлодарда Арктикаға жасалған экологиялық экспедиция туралы айтылады
Кездесуде еріктілердің тундраны тазарту және қойөгіздерге арналған қоршау салу тәжірибесі таныстырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар география үйінің мәліметінше, 11 қазанда Торайғыров университетінде кезекті «Жайлы кеш» кездесуі өтеді. Бұл жолы қатысушылар Арктикадағы экологиялық экспедицияның қалай өткенін біле алады.
– Кештің қонағы – Арктика еріктісі Лидия Кармишина. Ол Ямал-Ненец автономиялық округіндегі Морозов кордонына жасалған сапары туралы әңгімелейді. Экспедицияға 13 ерікті қатысқан. Олар аумақты қоқыстан тазарту және қойөгіздерге арналған қоршау салу жұмыстарымен айналысқан, – деді ұйымдастырушылар.
Іс-шараны Павлодар география үйі мен Торайғыров университетінің география және туризм кафедрасы бірлесіп ұйымдастырады.
Кездесу 11 қазанда сағат 14:00-де басталады. Өтетін орны – Ломов көшесі, 64 мекенжайындағы Торайғыров университетінің бірінші қабатындағы кітапхананың коворкинг залы.
Кіру тегін.