Павлодар облысы ТЖД бастығы: Қызметкерлеріміздің қарны тоқ
Департамент басшысы әлеуметтік желіде тараған шулы мәселеге қатысты жауап берді, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz тілшісі.
– Әлеуметтік желіде бір қызметкеріміздің әпкесі төтенше жағдай барысында қызметкерлерге жағдай жасалмағаны жайлы ақпарат жариялаған болатын. Осы мәселе барысында тексеру жүргізіп, аталмыш объектілерді қарап шықтық. Онда мұндай мәселе бар деп айта алмаймын, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев.
Спикер аумақты тіркелетін өрттерге өзі шығып тұратынын, алайда мұндай мәселелерді кездестірмегенін атап өтті.
– Мен 1986 жылдан бері осы салда қызмет етіп келемін. Курсант лауазымынан бастадым, бүгінде генерал-майор қызметін атқарамын. Сондай-ақ қызметкерлерге жеке уақытша баспана да берілген болатын, – дейді Жасұлан Жұмашев.
Департамент бастығының сөзінше, қызметкерлерге қосымша сыйақы берілген. Оның бұл сөзін конференцияға қатысқан қызметкерлер де растады. Сондай-ақ ол конференция барысында қызметкерлерге арнайы берілетін бір күндік тамақтарды жиналысқа қатысушыларға көрсетті.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде белгісіз бір өрт сөндірушінің әпкесі жағдай жасалмайтыны жайлы мәлім еткен еді. Ол бауыры өрт сөндіруші болып жұмыс істейтінін, Шалдай орман шаруашылығындағы өртті жоюға бірнеше рет қатысқанын және іссапар, тәуліктік ақы немесе кем дегенде сыйақы төленбегенін жазған.