Павлодарда аса ірі мөлшердегі психотроптық затты тасымалдаған әйел сотталды
Ол сот үкімімен 8 жылдан астам уақытын темір тордың артында өткізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Павлодар қаласы полиция басқармасының аға тергеушісі өңір тұрғынының аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз сақтап, тасымалдағаны жөніндегі қылмыстық іс бойынша оның кінәсін толық дәлелдеді.
Қылмыстық істі полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі Әділет Жомалқанов аяқтады.
– Тергеу барысында 2026 жылғы 13 ақпанда полиция қызметкерлері Торговой көшесінде «BMW 523» автокөлігін тоқтатты. Санкцияланған тергеу әрекеттері кезінде көліктің жүксалғышынан түйіншек табылып, оның ішінен PVP (α-пирролидиновалерофенон) психотроптық заты салынған 30 оралым анықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген психотроптық заттың жалпы салмағы 30 грамнан асып, аса ірі мөлшерге жататыны анықталды, – деді полицияның аға лейтенанты Әділет Жомалқанов.
Сот талқылауы барысында куәлардың айғақтары, тергеу әрекеттерінің материалдары, сот сараптамаларының қорытындылары, тінту барысындағы бейнежазбалар және өзге де дәлелдемелер жан-жақты зерттелді. Сот оларды заңды, іске қатысы бар әрі сотталушының кінәсін дәлелдеуге жеткілікті дәлелдер деп таныды.
Сот психотроптық заттың жеке-жеке оралымдарға бөлініп буып-түйілуі, оның көлемі, сондай-ақ сақтау және тасымалдау жағдайлары оны кейіннен өткізу ниетін айқын көрсететінін анықтады.
Әйелдің әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша, яғни психотроптық заттарды өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау және тасымалдау ретінде сараланды.
Павлодар қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған қылмыстық-атқару жүйесінің ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұдан бөлек, қылмыстың қайталануы ескеріліп, негізгі жазаға қосымша ретінде оған материалдық жауапкершілікке және бухгалтерлік есеп жүргізуге байланысты лауазымдарды 5 жыл мерзімге атқару құқығынан айыру жазасы қолданылды.
Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыстар ішкі істер органдарының тұрақты бақылауында.
Полиция азаматтарға есірткінің заңсыз айналымы ауыр қылмыс болып саналатынын және ол үшін заңнамада қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.