Павлодарда ашық қоғамдық қабылдау өтеді

Павлодарда ашық қоғамдық қабылдау өтеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мемлекеттік органдар мен депутаттар қатысатын шарада қала тұрғындары өз сұрақтарына жауап алып, кеңес ала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

21 мамыр күні сағат 16:00-де Павлодар қаласының Орталық жағалауында «AMANAT» партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен көшпелі қоғамдық қабылдау өтеді. Іс-шара халықтың өтініштеріне жедел жауап беру және маңызды мәселелер бойынша түсініктеме беру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Қабылдауға мемлекеттік органдардың, салалық мекемелердің өкілдері, сондай-ақ облыстық және қалалық мәслихат депутаттары қатысады. Кездесу барысында тұрғындар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жер қатынастары, еңбек және жұмыспен қамту, білім беру, тұрғын үй несиелеу саласы және жеке қаржылық сауаттылық бағыттары бойынша мамандардан кеңес ала алады.

Кез келген азамат өз сұрағын қойып, жеке мәселесіне қатысты кеңес алып, әлеуметтік және құқықтық мәселелер бойынша қажетті ақпаратқа қол жеткізе алады.

«AMANAT» партиясы барлық тұрғындарды ашық диалогқа шақырады.