Павлодарда «Атамекен» кеңесі жылды қорытындылады
Жиын барысында жұмысшы мамандықтарды дәріптеуге үлес қосқан үздік кәсіпорындар мен колледждер ерекше марапатқа ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы салалық кеңестің отырысында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірдегі кадр тапшылығы мәселесін шешуде мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің үйлесімді жұмысы нәтиже бере бастаған.
– Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы жыл сайын өңір бизнесінің кәсіби кадрларға деген қажеттілігіне мониторинг жүргізеді. Колледждермен ынтымақтасып, мамандарға мұқтаж кәсіпорындардың сауалнамаға белсенді қатысуы аса маңызды. Мониторинг – ортақ міндет, оған әкімдіктер, облыс кәсіпорындары, колледждер және «Атамекен» ӨКП салалық кеңестері тартылуы тиіс, – деп атап өтті Ерқанат Әбенов.
Кадр даярлау мәселелеріне жетекшілік ететін салалық кеңес төрайымы Ләззат Идрисова кеңес білім беру мен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін қарастыратынын айтты. 2025 жылдың басынан бері жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен салалық кеңестің сегіз отырысы өткізілді.
Отырыстар барысында негізінен жұмыс берушілермен бірлесіп мақсатты кадр даярлауды ұйымдастыру, мектеп асханаларының жұмысы және балаларды тамақтандыруды ұйымдастыруға қатысты 15 мәселе қаралды.
– Сондай-ақ жұмыс берушілермен Careerhub порталында дуальды оқыту шарттарын тіркеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді Ләззат Идрисова.
2025 жылдағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кеңестің қызметі және келесі жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы кеңес төрайымы, «Kutubu sitta» ЖШС директоры, әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына жетекшілік ететін Жанар Әубәкірова баяндады.
– 2025 жыл біз үшін жеткілікті деңгейде табысты болды. Қойылған мақсаттар негізінен орындалды. Әсіресе өткен жылы бизнес базасында кәсіби біліктілікті растау орталықтарын аша алғанымыз қуантады. Бұл палатаның басым бағыттары аясында жүзеге асырылған біз үшін маңызды шаралар. Біздің арқамызда Қазақстанда тау-кен металлургия саласындағы алғашқы кәсіби біліктілікті растау орталықтары дәл Павлодар облысында ашылды, – деді Ерқанат Әбенов.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 2025 жылы техникалық білім беру ұйымдары, кәсіпорындар, тәлімгерлер және дуальды оқытуға қатысушылар арасында «Кәсіби маман» өңірлік байқауы өткізілді. Оның қорытындысы бойынша түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды.
«Кадр даярлауға қатысушы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша марапат «ТНК «Қазхром» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытына берілді, ал «Жұмысшы кадрларды даярлау бойынша кәсіпорынның үздік серіктес колледжі» ретінде Ақсу қара металлургия колледжі аталды. Марапаттарды олардың өкілдеріне Ерқанат Әбенов табыс етті.