Павлодар облысы аудандарының бірінде инвестициялық белсенділік артты
Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде оң динамика байқалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Май ауданы – ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы қатар дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша аудан экономикасында тұрақты өсім байқалып, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер оң динамика көрсетті.
Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемі артты. Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 106,7 пайыз деңгейінде орындалды. Мал шаруашылығында ірі қара малдың саны 48,5 мың басқа жуықтады. Қой басы 61,7 мыңды, ешкі 14,7 мың басты құрады. Сондай-ақ жылқы саны 39,7 мыңға жетсе, құс басы 4,8 мыңнан асты. Ал түйе саны 22 басқа дейін өсті.
Өндіріс көлемі бойынша ет пен сүт өндіруде өсім байқалды. Ауданда 7,5 мың тоннадан астам ет және 12 мың тоннаға жуық сүт өндірілді. Сонымен қатар, жұмыртқа өндіру көлемі 263 мың данаға жақындап, жүн өндіру 70 тоннадан асқан.
Өсімдік шаруашылығы саласында егістік алқабы 45 мың гектардан асып отыр. Оның ішінде дәнді дақылдар бес жарым мың гектарға жуық жерге егілсе, картоп алқабы шамамен 600 гектарды, ал көкөніс дақылдары 40 гектардан астам аумақты қамтыды.
– Кәсіпкерлік саласында да жүйелі қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 714 бірлікті құрайды. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 683. Биыл кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 89 миллион теңгеге жеңілдетілген несие беріліп, шамамен он шаруашылық қаржылай қолдауға ие болды, – деді аудан әкімі Қадылжан Сәтиев.
Жалпы, биылғы жылдың он айында аудан экономикасында тұрақты өсім тіркелді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 104,9 пайызға артты. Жыл соңына дейін 19 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда.
Сонымен қатар, құрылыс саласында да оң көрсеткіштер байқалады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 10,7 миллиард теңгеге жетіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 106,4 пайызды құрады.
Жалпы, ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар Май ауданы экономикасының тұрақты дамуына негіз болып отыр.