Павлодарда автобус жүргізушісі он жастағы баланы қағып кетті
Салдарынан жарақат алған жеткіншек ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 ақпан күні сағат 16:20-да Железнодорожный елді мекеніне қарама-қарсы «Весна» бағбандық аялдамасының жанында №40 маршруттық автобустың 53 жастағы жүргізушісі 10 жастағы кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
– Ол белгіленбеген жерден жолды кесіп өтіп бара жатқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақат алған жаяу жүргінші ауруханаға жатқызылды, – деді департаментте.
Сондай-ақ сол күні сағат 07.20-да Радиозавод шағын ауданында «Тойота Виста» көлігінің жүргізушісі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде жолды кесіп өтіп бара жатқан 31 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы фактілері бойынша тексеру жүргізілуде. Сараптама тағайындалды.
Фото: Константин Шелков