Павлодар облысында үй құстарының өлу себептері анықталуда
 
                                    Лабораториялық зерттеулер қауіпті инфекцияларды растамады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ветеринария басқармасына өліп қалған үй құстарынан алынған сынамалар келіп түсті.
– Лабораториялық зерттеулер жоғары патогенді құс тұмауына, Ньюкасл ауруына, пастереллёзге және сальмонеллёзге жүргізілді. Барлық нәтижелер теріс шықты, – дейді облыстық ветеринария басқармасының эпизоотиялық іс-шаралар бөлімінің басшысы Самат Мажиров.
Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірде 2467 үй құсы қаза тапқан, олардың көбі – тауықтар.
– Соңғы кездері құстардың өлуі тек Железин ауданында ғана тіркелуде, соңғы оқиға үш күн бұрын болды. Басқа аудандарда құстардың өлуі тоқтаған. Қазіргі уақытта жабайы құстардан сынамалар алынып жатыр, себебі қауіпті инфекцияларды 95% жағдайда жабайы немесе синантроптық құстар тасымалдайды. Сонымен қатар, көптеген аудандар Ертіс өзені бойында орналасқандықтан, Комитет жабайы құстардан патологиялық материал жинауды шешті, – дейді Самат Мажиров.
Еске сала кетейік, өңірде үй құстарының өлуі алғаш рет 3 қыркүйек күні тіркелген. Құстар Тереңкөл ауданының Жаңақұрылыс, Қоржынкөл, Алтай ауылдарында, Шарбақты ауданының Орловка ауылында, Ақтоғай ауданының Шілікті және Ертіс ауданына қарасты Жаңа Жұлдыз ауылында, сондай-ақ Железин ауданының Жаңа Жұлдыз ауылында қаза тапқан. Кейінірек Церковное ауылы да қосылды.
 
                         
 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
    
             
    
             
    
             
    
             
         
         
    
             
    
 
    
 
    
 
         
    
 
    
                                        
                                     
    
 
    
 
    
