Павлодарда ағайынды каратэшілер мерзімді әскери қызметтерін өткеруде
Ағайынды Қадырбековтер – елімізге танымал спортшылар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, олар каратэдегі қара белбеулерін шешіп, әскердегі тактикалық белбеумен белдерін бекем буған. Тепсе темір үзетін жігіттер Ұлттық ұланның Павлодар қаласындағы 6679 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметтерін өткеруде. Каратэдан Азия чемпиондары әскердегі аз уақыттың ішінде жауынгерлік әзірлікті толықтай меңгеріп үлгерген.
– Біз еліміздің көк туын байрақты бәсекелерде сан мәрте биік тұғырдан желбіреттік. Әлі де республикамыздың абыройын арттыруда барымызды салуға әзірміз. Дегенмен Отан алдындағы азаматтық борыш ер азамат үшін алдыңғы санатта тұруы тиіс. Сондықтан інім екеуіміз Ұлттық ұлан қатарына қосылып, елімізге қалқан боламыз деген ортақ шешімге келдік, – дейді қатардағы Жалғас Қадырбеков.
Жетісу облысынан шақыртылған қос сарбаз қаруластарына жарқын үлгі. Жекпе-жек сайыстарда аяқ-қолдарын еркін сермейтін олар қару-жарақ қолдануды да бес саусақтай меңгерген. Аты аңызға айналған спортшы Мұстафа Өзтүрікке ұқсап-бағатын ұландықтар каратэдегі тәрбиенің әскердегі тәртіптей қатал болғандығын алға тартады.
– Ағайынды Жалғас пен Рифхаттың қаруластарына деген құшағы әрдайым ашық. Жайсаң жігіттердің спорттан бөлек, музыкалық қабілеттеріне куә болдық. Қатарластарына қол ұшын беріп, білгендерін үйрететін білектілермен бірге әскерде жүру – мен үшін мақтаныш. Бірлігі бекем бауырларға әскери қызметті абыроймен атқарып, отбасына аман-есен оралуларына тілекшімін, – дейді қатардағы жауынгер Шерхан Амангелдиев.
Отан алдындағы борышын өткергеннен кейін Рифхат мемлекеттік қызметте орналасып, ел мүддесі үшін қызмет етуді мақсат тұтса, ағасы Жалғас спорттағы биік асуларды бағындыруға барын салмақ. Ол сондай-ақ Талдықорған қаласында каратэден жеке үйірме ашып, болашақ олимпиада жеңімпаздарын жаттықтырғысы келеді.