Асайын Байханов: Білім деңгейі бойынша облысымыз еліміздің үздіктері қатарында
Павлодар облысының әкімі білім беру саласынның қызметкерлеріне алғыс білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы өңірдің білім беру саласын дамытуға баға жетпес үлес қосқан педагогикалық еңбек ардагерлеріне де алғыс айтты.
– Балалық шақтың ең жарқын кезеңі – бұл көптеген жандардың жадында және жүрегінде сақталып қалатын мектеп жылдары. Мен барлық тәлімгерлерім мен алғашқы ұстаздарымды әрдайым жылы естеліктермен еске аламын, – деп жазды Асайын Байханов. – Облыстың барлық ұстаздарына адал еңбектеріңіз, ақылдарыңыз бен балаларға деген махаббаттарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Осы оқу жылы әрбіріңіз үшін табысты болсын.
Облыс әкімі бүгінгі таңда педагогтарға әмбебаптық, цифрлық білгірлік, прогрессивтілік сияқты жоғары талаптар қойылатынын атап өтті. Сонымен қатар, өңір мектептерінде дарынды педагогтардың жұмыс істейтінін мақтан тұтатынына, білім деңгейі бойынша Павлодар облысы еліміздің үздіктері қатарында екеніне назар аударды.
Бірнеше жылдар бойы өңір ұстаздары республикалық «Үздік педагог» конкурсында жоғары нәтиже көрсетіп келеді, ал, Қазақстанның олимпиадалық командаларының рейтингінде Павлодар облысы дәстүрлі түрде көш басында тұр.