Павлодарда бір тәулікте елуге жуық адам айықтыру орталығына жеткізілді
Олар қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде жүрген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында жыл басынан бері полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу және мас күйінде жүрудің 5 мыңнан астам дерегін анықтап, жолын кесті. Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Тек соңғы бір тәуліктің өзінде қала көшелері мен аулаларынан жеткізілген 41 азамат полиция қызметкерлерінің күшімен уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды.
— Мәселен, Мир көшесін патрульдеу барысында полиция қызметкерлері тұрғын үй ауласында алкогольдік ішімдік ішіп отырған ер адамдарды анықтады. Тағы бір жағдайда Мәшһүр Жүсіп пен Лермонтов көшелерінің қиылысындағы дүкендердің бірінің маңынан қатты мас күйде жүрген ер адам табылды. Барлық азаматтар айықтыру үшін арнайы мекемеге жеткізілді. Сондай-ақ олардың әрқайсысына қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды, — деді Павлодар қаласы полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу және мас күйінде жүру заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Көптеген қылмыстар дәл мас күйінде жасалатыны белгілі. Мұндай құқық бұзушылықтар қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, құқық бұзушылардың өздеріне де, айналасындағыларға да қауіп төндіреді.