Павлодарда балалар ауруханасының инфекциялық стационарында матрастар толық жаңартылды
Матрастарды жаңарту мәселесі ұзақ уақыт бойы өзекті болып келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық балалар ауруханасы инфекциялық стационарында 250 жаңа матрас орнатылып, бөлімше 100 пайыз жаңа матрастармен қамтылды.
Павлодар облыстық балалар ауруханасы – өңірдегі балаларға мамандандырылған стационарлық көмек көрсететін жалғыз көпсалалы медициналық ұйым. Мұнда қалпына келтіру емі, стационарды алмастыратын медициналық көмек, сондай-ақ жоспарлы және шұғыл қабылдаулар жүргізіледі. Аурухананың жалпы төсек қоры 517 орынды құрайды. Оның ішінде соматикалық-хирургиялық стационарда – 292 төсек, инфекциялық стационарда – 225 төсек бар.
Матрастарды жаңарту мәселесі ұзақ уақыт бойы өзекті болып келді. Ата-аналар тарапынан да балалардың стационарда жайлы жағдайда ем алуына қатысты ұсыныстар мен өтініштер бірнеше рет айтылған болатын. Аурухананың баспасөз хатшысы Камила Даированың мәлімдеуінше, соңғы рет матрастар мен жастықтарды толық жаңарту жұмыстары 2017 жылға дейін жүргізілген. 2017 жылы тек 60 төсек пен матрас ішінара сатып алынған. Осы уақыт ішінде қолданыстағы төсек-орын жабдықтарының физикалық және моральдық тозуы 100 пайызға жеткен.
– Жаңа екі секциялық ортопедиялық матрастар заманауи талаптарға сай жасалған. Олар баланың дене пішініне бейімделіп, омыртқаның дұрыс қалыпта сақталуына көмектеседі. Әр секция арнайы шешілетін қорғаныш қаппен қапталған. Қаптар су өткізбейтін нейлон материалынан дайындалған және агрессивті санитарлық-гигиеналық құралдармен өңдеуге бейімделген. Бұл әсіресе инфекциялық стационар жағдайында қауіпсіздік талаптарын сақтауда маңызды рөл атқарады, – дейді Камила Даирова.
Сонымен қатар, облыстық бюджет қаражаты есебінен аурухана үшін 537 жастық сатып алынған. Жастықтардың өлшемі – 50х70 см, ішкі толтырмасы – жасанды аққу мамығы. Бұл жаңарту барлық бөлімшелерді қамтиды.
– Төсек-орын жабдықтары өте сапалы әрі жайлы. Жаңартылған жұмсақ матрастардың арқасында тынығып, жақсы ұйықтайсың, арқаға салмақ түспейді. Барлығы балалар мен ата-аналардың жайлылығы үшін жасалғаны бірден байқалады. Алғысымыз шексіз, – дейді инфекциялық бөлімшеде ем алушы Ирина Зозуля.
Бұдан бөлек, балалар стационары үшін жалпы құны 67,1 миллион теңгені құрайтын 267 екі секциялық медициналық төсек матрасымен бірге сатып алынған. Жаңа жабдықтарды жеткізу мамыр-маусым айларына жоспарланған.
Айта кетерлігі, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауруханада 18 292 бала ем қабылдаған. Оның үш мыңнан астамы жоспарлы түрде жатқызылса, 15 мыңнан астам бала шұғыл жағдайда медициналық көмек алған.