Павлодарда балалар кардиохирургия бөлімшесі ашылады
Кішкентай науқастарға әзірге тек шұғыл көмек көрсетілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық кардиоорталықтың кардиохирургия бөлімшесінің кардиохирургі Думан Изгуттинов мәлім етті.
– Болашақта ауруханада жоспарлы операцияларды қажет ететін балаларды қабылдау үшін бөлімше ашатын ойымыз бар. Шұғыл көмек әрдайым көрсетіледі, бірақ ондай жағдайлар көп емес. Шала туған нәрестелерге хирургиялық емдеу үнемі жүргізіп отырамыз. Сондықтан балалар кардиохирургиялық бөлімшесінің қызметін қайта жаңғырту жоспарлануда, – дейді дәрігер.
Ол үшін кардиоорталық штаттық және профильді ақ халатты мамандарды тартатын болады.
Облыстық кардиоорталықтың кардиохирургия бөлімшесінің кардиохирургі Виталий Березуцкийдің сөзінше, жуырда ғана павлодарлық дәрігерлер балалар мен жас науқастарға «Росс операциясын» жасай бастады. Ол қолқа қақпақшасының ақауларын хирургиялық емдеудің «алтын стандарты» болып саналады.
– Қолқа қақпақшасын ауыстыру қажет болған жағдайда өкпе артериясының қақпақшасы қолданылады, – деп нақтылады кардиохирург. – Мұндай науқастарда өмір бойы антикоагулянттық терапия алудың қажеттілігі жоқ. Олар басқа адамдар сияқты спортпен шұғылдана алады.
Биыл кардиохирургтер дәл осындай екі күрделі ота өткізді. Жүрек орталығында клапандарға шағын инвазивті оталар да көп жүргізіледі. Атап айтқанда, дәрігерлермен 2017 жылдан бері 11 ота сәтті өткізілген.