Павлодарда қариялар үшін мерекелік концерт өтті
Зейнеткерлерге арнап шығармашылық топтар өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қарттар күніне орай Естай атындағы мәдениет сарайында өткен «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» концертін көруге қазыналы қариялар, ардақты әкелер мен ақ жаулықты әжелер жиналды. Мәдениет сарайының кіреберісінде «Ертіс әуендері» хоры қарсы алды. Зейнеткерлер бір-бірін биге шақырып, көңіл күйлерін көтерді.
Хордың жетекшісі Алла Акимованың сөзінше, шығармашыл жандардың арасында ең үлкені – 85, ал кішісі – 72 жаста. Олардың барлығы музыкамен айналыстан әуесқой қарттар.
Павлодар қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Айнагүл Сәрсенбаева облыс орталығының зейнеткерлерін мерекемен құттықтап, оларға денсаулық тіледі.
– Қаламыздың өркендеуіне қосқан үлестеріңіз өте зор. Еңбектеріңіз, берген тәрбиеңіз үшін алғыс айтқым келеді. Сіздер бізге мұра еткен еңбек пен тәрбиенің арқасында көркейіп жатқан елде тұрып жатырмыз. Әлі күнге дейін сіздерден үлгі алып, із басып келе жатырмыз. Шаңырақтарыңыздың керегесі мықты болсын, сіздерді Қарттар күнімен құттықтаймын! – деді Айнагүл Сәрсенбаева.
Оның сөзінше, Павлодарда 60 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Олар үшін түрлі ұйымдар жұмыс істейді – ардагерлер кеңесі, белсенді ұзақ өмір сүру орталығы, «Замандас» қоры және тағы басқалары.
Концертте «Әл-Әки» халықтық фольклорлық ансамблі, «Фантазия» үлгілі классикалық би ансамблі, «Magik Danse» спорттық-эстрадалық би ансамблі және басқа да топтар өнерлерін көрсетті.
Павлодар қаласының ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, 1 қазан күні «Batyr Mall» сауда үйінде қолданбалы өнер жәрмеңкесі өтеді. Онда тұрғындар әжелердің жасаған бұйым, заттарын тамашалайтын болады.
Еске сала кетейік, 25 қазанға дейін Қазақстан Республикасы күніне орай облыстық бюджет есебінен зейнеткерлерге бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылады. Бұл көмекпен ең төмен және одан аз зейнетақы алатын 17 мыңнан астам зейнеткер қамтылатын болады.