Павлодарда балалар екі автокөлік пен скутерді жаққан
Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл өңір аумағында көлік құралдарын өртеудің бес фактісі тіркелді. Оның ішінде төрт жағдай жедел қызметкерлермен ашылды. Екі жағдайға 9 жастан 13 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған балалардың қатысы бар екендігі алаңдаушылық туғызады.
Екі бала қаладағы гараж кооперативі автотұрақтарының бірінде өртеу арқылы «Mitsubishi Montero Sport» маркалы автокөлікті қасақана жойғаны анықталды. Иесіне шамамен алты миллион теңге шығын келтірілген.
– Тағы бір жағдайда екі кәмелетке толмаған бала облыс орталығының Майра көшесіндегі үйдің кіреберісінің жанында скутерді әдейі өртеп, өрт «Chevrolet Tracker» маркалы автокөлікке жайылған. Жасөспірімдер өз әрекеттерімен жәбірленушіге шамамен 10 миллион теңге материалдық шығын келтірді. Жасөспірімдер скутерді іске қоса алмағаны анықталды, содан кейін бактан бензин төгіліп, өртке ұласқан, – дейді департаментте.
Кәмелетке толмағандар ата-аналарының кепілгерлігімен берілді. Болған оқиғаның себептері мен мән-жайлары тергеу барысында анықталатын болады.