Павлодарда балалардың демалыс кезіндегі қауіпсіздігі күшейтілді

Павлодарда балалардың демалыс кезіндегі қауіпсіздігі күшейтілді
Фото: Константин Шелков

Жасөспірімдердің демалысы полицияның басты назарында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірде профилактикалық іс-шаралар кешені жүргізілуде. 

Жазғы демалыс кезінде мектептерде оқушылар мен ата-аналарға қауіпсіздік ережелері түсіндірілуде. Кездесулерде жолда жүру тәртібі, судағы қауіпсіздік, балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу және интернетті қауіпсіз пайдалану мәселелері қарастырылады.

Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналды полиция бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлемісованың айтуынша, соңғы төрт айда сала мамандары білім беру ұйымдарында 2000-нан астам дәріс өткізген. 

Сонымен қатар, түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарына баруын анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.

- Біз профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргіземіз. Ата-аналарға балаларды бақылаусыз қалдырмауды, олардың интернеттегі және көшедегі қауіпсіздігін қадағалауды жиі ескертеміз, - аға инспектор.

Апта сайын «Қауіпсіз демалыс күндері» және «Тұрғын үйден тыс балалар» профилактикалық шарасы өткізіледі. Нәтижесінде түнгі уақытта балалардың бақылаусыз жүруіне жол берген 26 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ, 400-ден астам ата-ана балаларды тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін, ал 700-ге жуық заңды өкіл кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін жауапкершілікке тартылды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысында балалар лагерьлерінің жазғы маусымға дайындығы талқыланған болатын.