Павлодарда балаларды қабылдау орталығын ашу ұсынылды

Павлодарда балаларды қабылдау орталығын ашу ұсынылды
Фото: pixabay.com

Бастама прокурорлардың қатысуымен өткен жиында қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева Instagram желісіндегі парақшасында мәлім етті. Оның айтуынша, жуырда облыс орталығында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікованың төрағалығымен кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың алдын алу мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өткен.

Негізгі баяндаманы Павлодар облысы прокурорының аға көмекшісі Асхат Әтікеев жасады.

Сәуле Шәкеневаның айтуынша, жиынға мүдделі жергілікті атқарушы органдардың басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, балаларды қолдау орталықтары мен  «Отбасы және балалар. Павлодар» қоғамдық бірлестігінің басшылары қатысты.

– Мен өз сөзімде жедел әрекет етуді және шешуді талап ететін бірнеше мәселені айттым, – деді Сәуле Шәкенева.

Облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл келесідей ұсыныстар жасады:

1. Тәуекел топтарының тізімдерін толықтыру және кеңейту, толық емес отбасыларды (ата-аналары ажырасқан), ажырасу сатысындағы отбасыларды, мектеп психологымен жұмыс істеуден бас тартқан отбасыларды қамту.

2. Ұсталған балаларды орталыққа орналастырар алдында мұқият медициналық тексеруден, оның ішінде гинеколог пен наркологтан өту қажет.

3. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе зорлық-зомбылық, қорлау, киберқорлау әрекеттеріне ұшыраудың куәгерлері болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесін бекіту туралы бірлескен бұйрыққа сәйкес мектеп үйлестірушілерінің тізімін жасау.

4. Патронаттық, асырап алушы отбасыларды, сондай-ақ қорғаншылардың отбасыларын ерекше бақылауда ұстау.

5. Кәмелетке толмаған аналары бар отбасыларды бақылау.

6. Патронаттық немесе қорғаншы отбасылардан орталыққа қайтарылған балаларға психологиялық қолдау көрсете отырып, арнайы бақылау және жан-жақты медициналық тексеру.

7. Кәмелетке толмағандарды қабылдау пункттерін Ішкі істер министрлігінің құрылымына қайтару туралы бастама көтеру.

Сәуле Шәкенева барлық мүдделі құрылымдардың келісілген әрекеттері мен бірлескен күш-жігері балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан жағдайды өзгертуге септігін тигізетінін атап өтті.