Павлодарда барлық су сорғылары қайта жаңартылады
Жалпы шаһарда сумен жабдықтау желілері бойынша бірнеше жоба іске асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков тұрғындармен өткізген есептік кездесуде мәлім етті.
Еске сала кетейік, маусым айында оңтүстік су қабылдағыштың бірінші көтермесінің сорғы станциясында электрмен жабдықтаудың бұзылуына байланысты су өшірілді. Бір күн ішінде сумен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді. Аталған факті бойынша энергетикалық қадағалау тергеуді бастаған, қорытынды тамыз айында шығады.
– Мұндай жағдайға жол бермеу мақсатында «Горводоканал» ЖШС қазір барлық сорғыларды қайта құру, ауыстыру және сорғылардың жиілігін реттеу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы сумен жабдықтау желілері бойынша тағы бірнеше жоба іске асырылуда. Қазан айында Естай көшесінен Торайғыров көшесіне дейін, Назарбаев даңғылы бойынша магистральдік су құбырын қайта жаңарту бойынша екі жылдық жоба аяқталады, – деді облыс орталығының басшысы.
Сонымен қатар, ұзындығы 1,6 км жаңа желілер Лермонтов көшесінен Естай көшесіне дейін салынады.
Оған қоса, мамыр айынан бастап Сәтбаев көшесіндегі шаруашылық су құбырын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл – Исиналиев көшесінен Қайырбаев көшесіне дейінгі учаске (ұзындығы – 1 км). Мұнда жұмыстар қыркүйек айының соңында аяқталады деп жоспарлануда.
– Әрине, қала тұрғындарынан коммуникацияларды жөндеуге байланысты кейбір көшелердің қозғалысын жабу туралы көптеген шағымдар бар. Алайда, бұл – мәжбүрлі шара, өйткені қалалық желілердің тозуы әлі де жоғары, – деп атап өтті Хасар Хабылбеков.
Бұдан бөлек, қала әкімі су бұру желілері бойынша Минин көшесіндегі (Малайсары батыр көшесі – Бекмаханов көшесі қиылысынан Бұқар жырау көшесіне дейін) 70 мыңнан астам тұтынушы қосылған өздігінен ағатын коллекторды қайта жаңарту жалғасуда екенін атап өтті. Бұл жоба үшінші жыл іске асырылуда және ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады.
Сонымен қатар, биыл бес км су бұру желілерін қайта құру бойынша үш жаңа жобаға қатысты жұмыстар басталып, келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда.