Павлодарда «Батыр рухы» патриоттық муралы салынды
Мурал Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімімен аталатын көшедегі үйлердің бірінің қабырғасына салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қалалық ішкі саясат бөлімінің мәлімдеуінше, «Өнерлі шаһар» жобасы аясында Қазақстанның әскери қызметшілеріне арналған «Батыр рухы» атты муралдың жұмысы аяқталды.
– Композицияның ортасында «Қазақ елі» монументінің аясында әскери сәлем беріп тұрған Қазақстан армиясының әскери қызметшісі бейнеленген. Туынды патриоттық плакат өнерінің элементтерімен орындалған. Муралда аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Ерлік – ердің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» деген қанатты сөзі ерекше орын алады, – делінген хабарламада.
Муралдың орналасқан жері де символдық мәнге ие. Ол – Сағадат Нұрмағамбетов көшесі, 104 мекенжайында орналасқан үйдің қабырғасына салынды. Сондай-ақ осы көшеде қалалық және облыстық қорғаныс істері жөніндегі басқармалар, ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшелері орналасқан.
Мурал Отан қорғаушыларға құрмет көрсетуді, жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеудің, ұрпақтар сабақтастығы мен әскери борышқа адалдықтың маңызын дәріптеуді мақсат етеді.
Муралды салу жұмыстарын Орал қаласынан келген Fresh Art суретшілер командасы жүзеге асырды.
Еске сала кетейік, Назарбаев даңғылы, 233 мекенжайында «Қыз Жібек» муралы салынды. Муралда Қыз Жібектің образы кең-байтақ қазақ даласында, құлпырған қызғалдақтардың арасында би билеп тұрғандай әсерлі әрі қимылға толы бейнеде суреттелген.