Павлодарда мектеп оқушылары республикалық айтыста бақ сынасты
Аталмыш іс-шараға Павлодар, Маңғыстау, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстары мен Астана қалаларынан 12 оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығында «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» ҚБ мүшесі, «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі, композитор, ақын, сазгер, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» Асығат Тұрғанбектің 50 жас мерейтойына арналған «Ұстаздық еткен жалықпас...» атты республикалық оқушылар айтысы ұйымдастырылды.
Асығат Тұрғанбек Баянауыл ауданының Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Айтыскер және жазба ақын ретінде кеңінен танымал. 2005 жылы Баянауылда өткен Жаяу Мұсаның 170 жылдық мерейтойындағы республикалық айтыстың жеңімпазы, өзге де айтыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы, жүлдегері, 2008 жылы Астана қаласында өткен «Астана жүрек» республикалық мүшәйрасының жүлдегері және Павлодар қаласында өткен Павлодар облысы қаламгерлері байқауының Дихан Әбілов атындағы сыйлығының иегері. 2009 жылы Павлодар облысының мәдениет пен өнер саласының дамуына қосқан маңызды жеке үлесі және мәдени әлеуетті нығайтуға бағытталған белсенді де жемісті еңбегі үшін «Айтыскер ақын» аталымы бойынша облыс әкімінің грантымен марапатталған.
– Жартығасырлық жасымда не бітірдім, не тындырдым дегенде шәкірттерді тәрбиеледім, республикалық ақындар айтысына қатыстырдым. Алғашқыда мерейтойыма орай ән кешін өткізуді ойладым. Алайда өзім балаларға жақын болғандықтан, қазақтың да, өнердің де, өмірдің де болашағы – балаларымыз сахнаға шығып, шыңдала берсін деген оймен айтыс ұйымдастыруды жөн көрдік, – дейді ақын, сазгер Асығат Тұрғанбек.
Оның айтуынша, әрбір айтыс – балалар үшін мектеп, сабақ. Осыдан көп дүние, тәлім-тәрбие ала алады. Айтыс сөзі жеңіл көрінгенімен, үлкен ұғымды білдіреді. Айтыскер жан-жақты болуы керек. Аталмыш өнер адамның тұлға болып қалыптасуына үлкен әсер етеді.
– Бүгінде шәкірттерімнің барлығы ел алдына шығып, сөз сөйлеп, биіктен көрініп, өз ойларын еркін айтып жүр.
Сондай-ақ, айтыс басталар алдында кәсіпкер Махамбет Амангелдиевичтің демеушілігімен Асығат Тұрғанбектің көп жылғы шығармашылық еңбегі туралы жазылған «Сен мінгізген ақ пырақ» кітабының тұсаукесері болды.
– Туындыларым мен шығармаларым жинақталып қалған үш бөлімнен тұратын, ойда жүрген кітап жарыққа шықты. Бірінші бөлімі – таза өлеңдер, екінші бөлімі – әнге жазылған өлеңдер, үшінші бөлімі – айтыстарым. Өлеңімнің атын кітаптың тақырыбына арнадым. Мені ақындыққа, өнерге баулыған, ерте көз жұмған ағам түсімде мені қолымнан жетектеп, ат тізгіндеп ұстатқан еді. Сол себепті, өлеңнің тақырыбы да «Сен мінгізген ақ пырақ» деп аталады, – дейді ол.
Спикердің айтуынша, аталмыш туындысында болашақ ұрпаққа алатын тәлім-тәрбие көп. Жинақта айтыстар, өлеңдер, жұлдыздардың орындайтын әндері бар.
– Жинақталып қалған дүниелер бар, осы кітапқа форматы келмеді. Келесі жылы жарыққа шығару жоспарда бар. Мерейтойым қарсаңында барлық жартығасырлық шығармаларды бір кітапқа жинақтадым. Негізі прозаға да қалам тартқанмын, шағын әңгімелерім бар. Мүмкін жарыққа шығады, – дейді Асығат Тұрғанбек.
Айта кетейік, мерейтой иесінің өлеңдері облыстық басылым беттерінде, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде, өзге де мерзімді басылымдарда жарияланған.