Павлодарда бос орындар жәрмеңкесі өтеді
Аталмыш шарада 100-ден астам бос орындар ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық еңбек мобильділігі орталығының ұйымдастыруымен 9 тамыз күні сағат 11:00-де орталық жағалауда бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылмақ.
– Іс-шара жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, мүмкіндіктерінің кең ауқымымен танысып, кәсіби біліктілігін арттыруға арналған,– дейді ұйымлдастырушылар.
Жәрмеңкеде өнеркәсіптің әртүрлі салаларында, соның ішінде қаржы, маркетинг, өндіріс, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа облыстағы ірі компаниялардан 100-ден астам ашық жұмыс орындары ұсынылады.
Сонымен қатар, жұмыспен қамту органдарының өкілдері консультация-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жұмыс берушілер үшін бұл әлеуетті қызметкерлермен тікелей байланысудың, сұхбат жүргізудің және еңбек жағдайларын талқылаудың бірегей мүмкіндігі.