Павлодарда бостандыққа шыққан екі жігіт қайта қамауға алынды
Олар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғаннан кейін сот жүктеген міндеттерді орындамаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қараша айында 34 жастағы қала тұрғыны сот шешімімен түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Алайда бостандықта жүргенде заңсыз әрекеттерді істеп, сот жүктеген міндеттерді орындамаған. Оңтүстік бөлімнің учаскелік полиция инспекторы сотқа шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою туралы материалдарды жолдаған.
– Желтоқсан айында сот шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жойып, ер адамды 2 жыл 5 айға қалған мерзімге түзеу колониясына қайтарды, – деді департаментте.
Екінші жағдайда 2017 жылы көрші мемлекеттің тумасы кісі өлтіргені үшін сотталып, түрмеде өзін жақсы ұстағаны үшін босатылған. Ол Павлодарға келіп, тіркелген. Бірақ бостандық кезінде ер адам заңсыз өмір салтын ұстанып, сотпен жүктелген міндеттерді бұзып, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Бірнеше рет жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізіп, тыныштықты бұзып, полицияның тексеруі кезінде тұрғылықты жерінде болмаған.
Осы жағдай бойынша да оңтүстік бөлімшенің учаскелік полиция инспекторы соттан шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды талап етті. Осыдан кейін сот шешімімен ер адам 2 жыл 6 айға қалған мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Павлодар қаласының полиция бөлімі сотқа мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды жою туралы жиырма үш өтінішхат жолдап, оның он алтысы қанағаттандырылған.