Қызылша: Науқастардың көбі – Баянауыл және Павлодар аудандарында
Иммундау шеңберінде 30 мыңнан астам адам екпе алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, 5 ақпандағы жағдай бойынша инфекциялық сырқаттанушылық мониторингінің қорытындысына сәйкес, 2023 жылдың наурыз айынан бастап облыста қызылшаның 953 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 2024 жылдың 1 қаңтары мен 4 ақпаны аралығында 349 жағдай есепке қойылды.
Облыс бойынша жалпы сырқаттанушылықтың 42%-ы – Павлодар қаласында (408 жағдай), 25%-ы – Екібастұз қаласында (241 жағдай), 20%-ы – Ақсу қаласында (196 жағдай) . Аудандар арасында ең жоғары сырқаттанушылық – Баянауыл ауданында (43) және Павлодар ауданында (20) тіркелді. Тереңкөл және Железин аудандарында – 12 жағдайдан, Успенде – алты, Шарбақтыда – жеті, Май ауданында – төрт, Аққулы ауданында – екі, Ертіс және Ақтоғай аудандарында бір жағдайдан тіркелді.
– Ауырғандардың жалпы санынан бір жасқа дейінгі 131 сәби, 14 жасқа дейінгі 562 бала және 44 жасөспірім бар. Қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуі ата-аналардың балаларын екпеден бас тартуына байланысты екпе алмаған балалардың есебінен қалыптасады. Олардың үлесі ауырған балалар санының 90%-ын құрайды, – дейді департаментте.
2023 жылғы 6 қараша мен 2024 жылдың 4 ақпаны аралығында облыс бойынша қосымша иммундау шеңберінде 30 767 адам екпе алды. Бұл жоспардың 70,2 пайызын (43 850) құрайды.
Алты айдан он ай 29 күнге дейінгі – 2361 (31,0%) және екі жастан төрт жасқа дейінгі – 16879 (62,3%) балаларды вакцинациямен қамту көрсеткішінің төмен екені байқалады. Атап айтқанда, осы жастағылар қызылшамен ауырғандардың негізгі тобын құрайды.