Павлодарда Даналық мектебі ашылды

Павлодарда Даналық мектебі ашылды
Фото: автор

Мектеп түрлі бағытта жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кабинеттің салтанатты ашылу рәсімі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Ата-аналарды қолдау» орталығының жоспары негізінде өтті. Негізгі мақсаты – аға буынның педагогикалық әлеуетін өзектендіру арқылы ата-аналардың позитивті мәдениетін дамытуға жәрдемдесу.

Іс-шараға «Нұр-Ана әлемі» қауымдастығының мүшелері, ардагерлер, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Мектепте бірнеше клубтар жұмыс істейді: «Аталар клубы», «Әжелер клубы», «Ағалар клубы» және «Жеңгелер клубы». Кабинетте ұлттық тәлім-тәрбиеге, ана мен баланың қарым-қатынасына арналған кітаптар, әдістемелік нұсқаулықтар бар.

 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда жастардың тәрбиесіне қатысты, олардың бойындағы Отаншылдық сезімді ояту, ел патриоты болу сынды мәселелерді көтерді. Оқушылардың сын қатеріне төтеп беретін азамат етіп тәрбиелеу туралы да айтылды. Бұл жоба да бала тәрбиесіне арналған, – дейді №24 жалпы орта білім беру мектебінің басшысы Анар Солтанбекова.

Оның айтуынша, кейбір ата-аналар мектепке көмек сұрап келеді. Алғаш рет ана мәртебесіне ие болған әйелдер қауымы бала тәрбиесінде тәжірибелері жоқтығын айтады. Сол себепті, «Даналар мектебі» кабинеті ата-аналарға көмек, өскелең ұрпақ үшін ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие бесігі болмақ.  

Мысалы, «Жеңгелер мектебі» клубы жеңге мен қайынсіңлі арасындағы байланысқа негізделген. Жақсы жеңге қайынсіңлісінің бойында халқымыздың ұлттық мінез, тәрбие,  дәстүрін сіңіріп, үлгі-өнеге алуға шақырады, ар тазалығын жоғары ұстайтын ақылды, қылықты қыз болып қалыптасуына көмектеседі. Қазақтың дәстүрлі отбасында тәлім-тәрбие беру үрдісінде ықпалды жеңгелер маңызды орын алған.  

 – Бізде жыл сайын ата-аналарға арналған конференциялар өтеді. Осының жалғасы ретінде балалар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу мақсатымен Даналар мектебін аштық. Біріншіден, бұл – балаларға қосымша тәрбие беру, ата-аналармен қарым-қатынасты нығайту болса, екіншіден – үйде отырған әжелерді бала тәрбиесіне тарту, – дейді тарих пәнінің мұғалімі Ержан Шариғат.

Айта кетейік, осы жоба аясында әр апта сайын дөңгелек үстел ұйымдастырылады.