Павлодарда дауыл салдарынан зақымданған нысандар екі аптада қалпына келтірілмек

Қала әкімі Хасар Хабылбеков қалпына келтіру барысын өз бақылауында ұстайтынын жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһар басшысы дауыл салдарынан зақымданған әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді.
– Сегіз нысанның шатырына зақым келген. Төтенше жағдайлар саласының мамандары аталған ғимараттарды тез арада зерттеп, қажетті актілерді рәсімдеді, – дейді Хасар Хабылбеков.
Жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер ұйымдарға нақты мерзімдер белгіленді. Барлық жұмыстарды екі апта ішінде аяқтау тапсырылды.
Еске сала кетейік, дауыл салдарынан Павлодар облысының үш қаласы мен бірқатар аудандарыда ТЖ режимі жарияланған болатын. Жергілікті атқарушы органдар өңірдің бірқатар елді мекендерінде соққан дауылды желдің салдарынан келтірілген залалды бағалау бойынша жұмыстар жүргізді. 20-30 маусым аралығында апаттың салдарын жою бойынша өтініштер қабылданды.