«Жас ұрпақ» тәрбиеленушілері Баянауылға саяхат жасады
Іс-шараны «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысындағы «Жас ұрпақ» жастар үйінің тәрбиеленушілері «Senimen Sayahat» жобасы аясында Баянауыл ұлттық табиғи паркіне танымдық саяхат жасады.
Сапарға жастар үйінің тәрбиеленушілері мен тәрбиешілері, Павлодар облысы білім басқармасының мамандары және БАҚ өкілдері қатысты. Қатысушылар Баянауылдың табиғи-тарихи орындарымен танысып, өңірдің экологиялық және мәдени мұрасы туралы мағлұмат алды.
«Сенімен Болашақ» РҚБ бүгінде психологтар, сарапшылар, ағартушылар және әлеуметтік жобалар үйлестірушілерін біріктіретін кең ауқымды экожүйе ретінде жұмыс істейді. Ұйым еліміздің барлық өңірлерінде филиалдар желісін дамытып келеді.
Бірлестік осы уақытқа дейін балалар, жастар және отбасыларды қолдауға бағытталған 20-дан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырған.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, басты бағыттардың бірі – тәлімгерлікті дамыту және өмірлік қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерге қолдау көрсету.
– 2023 жылдан бері Павлодар облысындағы «Жас ұрпақ» жастар үйінің тәрбиеленушілерімен тұрақты түрде кездесулер мен түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Басты мақсат – ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерді ересек өмірге бейімдеу, мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру және олардың әлеуетін ашуға қолдау көрсету, – деді «Сенімен Болашақ» РҚБ төрағасы Гүлшат Серікбекова.
Жоба аясындағы мұндай танымдық сапарлар жастардың туған өлкені тануына, табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға және әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді.