Павлодар облысында балалардың жазғы демалысы қалай өтуде?

Жаз айына бүлдіршіндер үшін ерекше мүмкіндік ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жазғы демалыс маусымында Павлодар облысы білім беру басқармасына қарасты «Жас дәурен» облыстық оқыту-сауықтыру орталығы төрт ауысыммен жұмыс істеді. 2 маусым мен 28 шілде аралығында өткізілген бұл кезеңде барлығы 720 бала демалысқа жолдама алды. Оның ішінде 300 бала – ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «Қазақстан халқына» қорының «QH Жаздық жолдама» жобасы арқылы келсе, 420 бала – әлеуметтік осал санаттағы, көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.
Қазіргі таңда орталықта «Тасты жарған қарағай» атты 14-ші ауысым өтіп жатыр. Бұл кезеңде 189 бала – үздік оқушылар, олимпиада мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары және өмірлік қиын жағдайдағы балаларға арналған орталықтардың тәрбиеленушілері демалуда.
2025 жылдың жазғы ауысымдар кестесіне сәйкес, соңғы екі ауысымның ұзақтығы – 10 күн.
– Балалардың жайлы демалуына барлық жағдай жасалған. Орталық үш қабаттан тұрады, олардың әрқайсысы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Бөлмелер жарық әрі кең, санитарлық тораптармен қамтамасыз етілген. Әр қабатта тәрбиешілер мен медицина қызметкерлері тұрақты түрде кезекшілік атқарады. Сондай-ақ, орталықта медициналық пункт, асхана, спорт және ойын алаңдары, шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді., – деді орталық басшысы Жұлдыз Селеусина.
Орталық басшысы арнайы экскурсия жүргізіп, Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева «Жас дәуреннің» материалдық-техникалық базасымен, балаларға арналған инфрақұрылыммен таныстырды.