Павлодарда «Eco Force» экологиялық патрульдері өз жұмысын бастады

Павлодарда «Eco Force» экологиялық патрульдері өз жұмысын бастады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жоба қоршаған ортаны қорғау, қаланың тазалығын сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бастама Павлодар қаласы әкімдігінің және ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы мен «Заң және Тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында қолға алынды. Жобаны «Жасыл Ел» Павлодар облыстық студенттік құрылыс және жастар жасақтары штабы жүзеге асыруда.

Салтанатты шараға бөлім басшысы, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының, қалалық полиция басқармасының, төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері, қоғамдық ұйымдар, еріктілер, блогерлер және қала тұрғындары қатысты.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген қатысушылар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғатты қорғау және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін қалыптастыру жолында мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жұмысының маңызын атап өтті.

–  «Eco Force» экологиялық патрульдерінің құрамына аға буын өкілдері, «Замандас» еріктілері, белсенді жастар және бастамашыл тұрғындар енді. Олар рұқсатсыз қоқыс үйінділерін анықтау, экологиялық құқықбұзушылықтардың алдын алу, рейдтер мен ақпараттық-түсіндіру акцияларын өткізу арқылы қаланың тазалығын сақтауға үлес қосатын болады, – деді қалалық ішкі саясат бөлімінде. 

Мамандар тұрғындарды табиғатты қорғауға, қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуға және туған қаланың тазалығына бірге жауапкершілікпен қарауға шақырады.