Павлодарда егіз балалар ұлттық киіммен дефиле көрсетеді
1 маусым күні сағат 12.00-де «Ertis Promenade» сахнасында Халықаралық балаларды қорғау күні аясында жыл сайынғы «Ertis bala fest» балалар фестивалі өтеді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Шараны ұйымдастырушылар – М. Катаев атындағы Оқушылар сарайы мен облыстық білім беру басқармасы.
– Мерекенің шымылдығын «Балдәурен» әнімен Оқушылар сарайының вокалдық ұжымының 120 тәрбиеленушісі ашады. «Ertis bala fest» балалар фестивалінің құрметті қонақтары 3-16 жас аралығындағы 100-ге жуық егіз бала болады. Олар ұлттық киім киіп, дефилеге шығады, – дейді ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ, мерекелік бағдарламада «Бүлдіршін-2023» облыстық фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау және гала-концерт өтеді.
Мерекеге қатысушылар үшін шығармашылық және ойын алаңдары ұйымдастырылады, батпырауықтар ұшырылады.
Фестивальдің мақсаты – отбасы мен балаларды қолдау, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді нығайту, шығармашылық мүмкіндіктерді барынша іске асыруға жағдай жасау, балалардың жеке, сахналық қабілеттерін дамыту.