Павлодарда екі жүзден астам сарбазды шығарып салды

Павлодарда екі жүзден астам сарбазды шығарып салды
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Олар еліміздің әртүрлі аймақтарынан келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 5512 әскери бөлімінде екі жүзден астам  сарбаз  Отан алдыңдағы борышын өтеп шықты. Бір жыл бойы әскери өмірде шыңдалған мерзімдік қызмет әскери қызметшілері көп жылдық тарихы бар әскери ортада берілген тапсырмалар мен қызметтік міндеттерді орындау барысында асқан жауапкершілік таныта білді. Шара барысында қызметтегі  үлгілі  тәртібі үшін мерзімді әскери қызметшілерге Алғыс хаттар табысталды. 

Отан алдындағы  борышын өтеп шыққан жігіттер ШҚО, Ақмола өңірлерінен және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан шақыртылған болатын. Сарбаздардың біразы өз өмірлерін әскери саламен байланыстыруға ықылас танытуда. Әзірше он бір азамат келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыруға ниет білдірді, – дейді әскери бөлім командирінің орынбасары, майор Арман Абдрасулов. 

Әскери бөліммен қоштасқан отызға жуық сарбаз жоғары оқу орнын арналған білім грантының иегері атанды. Әскерге бару арқылы тегін білімге жол ашқан мерзімді әскери қызметшілер өз бөлімшелерімен қоштасып, жаңа өмірге қадам баспақ. 

Сарбаздардың  келесі легі Алматы, Жетісу  өңірлерінен желтоқсан айынан соңына таман әскер қатарына алынбақ. Әскери қызметшілердің айтуынша, сарбаздар Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу кезінде моральдік, физикалық жағынан  шыңдалып, өздеріне жүктелген барлық қызметтік тапсырманы жоғары деңгейде орындаған.  Әскери бөлім басшылығы сарбаздарға алдағы сапарларына сәттілік тілеп, жастар үйлеріне құрметпен аттанды.